Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті, деп хабарлайды Alash.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды, соның ішінде жастарды жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды. Президент өз үндеуінде Ата заңды қабылдауға дауыс беру әрбір азаматтың ел тарихында есімін қалдыруға және мемлекет болашағына тікелей әсер етуге берілген бірегей мүмкіндігі екенін атап өтті.
«Осы орайда барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді.
Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған.
Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар.
Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: «Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар.
Қымбатты отандастар, Сіздердің таңдауларыңыз – бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – нағыз Халық Конституциясы жобасына көрсеткен нақты қолдауыңыз. Жастар Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға атсалысады.
Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі.
Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетеді».