Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Крокустағы атышулы терракт: Мәскеудегі қанды оқиғаға қатысты үкім шықты (ФОТО)

20:13, 12 наурыз 2026

2026 жылғы 12 наурызда Ресейдегі 2-ші Батыс округтік әскери соты «Крокус Сити Холл» концерт залындағы терактіні ұйымдастырушылар мен орындаушыларға қатысты түпкілікті үкім шығарды, деп хабарлайды Alash.kz.

Сот отырысының қорытындысы бойынша, қылмыстық әрекетті тікелей орындаған төрт адам және оларға демеушілік көрсетіп, көмектескен 11 сыбайлас өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Үкім жарияланған сәтте сотталушылар арнайы қорғаныс «аквариумында» болды. Отырыс қауіпсіздігін сот приставтарымен қатар, оқ өтпейтін кеудеше және бетперде киген арнайы жасақ қызметкерлері қамтамасыз етті.

Сотталушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатыны күмән тудырған жоқ, себебі бұл – Ресей заңнамасындағы ең жоғары жаза. Алайда, олардың жазаны қандай жағдайда өтейтіні жөнінде таластар туындады. Жәбірленуші тарап жазаның алғашқы 25 жылын түрмеде, ал қалған бөлігін айрықша режимдегі колонияда өткізуді талап еткен еді. Нәтижесінде сот Фаридуниге – 18 жыл, Мирзоев пен Файзовқа – 17 жыл, ал Рачабализодаға 16 жыл түрме мерзімін белгіледі.

Өмір бойына сотталғандар үшін түрме мен айрықша режимдегі колонияның айырмашылығы мардымсыз. Екеуінде де қауіпсіздік шаралары өте жоғары және сотталғандар сырттан құлыпталатын камераларда ұсталады. Дегенмен, шарттарында шағын айырмашылықтар бар.

Түрмедегі сотталғандар көбіне жалғыз адамдық камерада отырады. Оларға жылына екі рет қысқамерзімді және бір рет ұзақмерзімді кездесуге, сондай-ақ бір сәлемдеме мен бандероль алуға ғана рұқсат беріледі. Олардың жеке шотынан айына 7900 рубльден артық қаражат жұмсауына тыйым салынады және жұмыс істеу құқығы қарастырылмаған.

Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған колониядағы алғашқы 10 жыл түрме режимімен бірдей өтеді. Одан кейін «қалыпты» режимге ауысқанда, азық-түлікке жұмсалатын сома 8600 рубльге дейін көтеріліп, күнделікті серуен уақыты 3 сағатқа дейін ұзаруы мүмкін. Сондай-ақ, мұнда жұмыс істеуге және жақындарымен телефон арқылы байланысуға мүмкіндік бар.

Еске салайық,«Крокус Сити Холлдағы» террористік шабуыл 2024 жылғы 22 наурызда, сағат шамамен 20:00-де, Мәскеу облысының Красногорск қаласында орын алды, нәтижесінде 133 адам қайтыс болды да,152 адам жарақаттанды. Бетперде мен камуфляж киген қарулы адамдар жиналғандарға оқ жаудырды және Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) бұл оқиғаны теракт деп атады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар