Иран аумағындағы бастауыш мектеп ғимаратына жасалған әуе соққысы салдарынан ондаған бала мен ересек адам қаза болды. АҚШ-тың әскери зымыраны нысанаға қателесіп тигені туралы мәлімет тарады, деп жазады Alash.kz.
Оқиға 28 ақпанда орын алды. Американдық «Томагавк» зымыраны Ирандағы білім беру мекемесіне түсіп, салдарынан кемінде 180 адам өмірімен қоштасты. Қаза болғандардың басым бөлігі – бастауыш сынып оқушылары. АҚШ әскерилерінің алдын ала жүргізген тергеу нәтижелері көрсеткендей, соққы нысана туралы ескірген ақпараттың салдарынан қате бағытталған. Әскерилер мектеп ғимараты іргелес жатқан Иран әскери-теңіз базасымен байланысты деп болжаған.
АҚШ Президенті Дональд Трамп журналистермен кездесуінде аталған оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді. Президент өзінде бұл инцидент жайлы нақты ақпарат жоқ екенін айтты. Айта кетерлігі, бұған дейін Дональд Трамп мектепке бағытталған зымыран шабуылы үшін Иран тарапын айыптаған болатын.