Маңғыстау облысында 6 наурыздан бері ізім-ғайым жоғалған 39 жастағы Наталья Бойкованы іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, жоғалған азаматшаны табу үшін қазіргі уақытта құқық қорғау органдары арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуде. Наталья Бойкова 6 наурыз күні кешкі сағат 17:00 шамасында үйінен шығып кеткен қалпы оралмаған.
Жоғалған әйелдің анасы Вера Бойкованың сөзінше, қызы үйден жұмыс іздеу мақсатында шыққан. Ол бұған дейін бірнеше күнге жоғалып, байланысқа шықпай кеткен емес. Қызының кешіккенін байқаған ата-анасы дереу құзырлы органдарға арызданған.
«Ол жұмыс іздеп жүрген еді, киініп, «ШУМ» сауда орталығында орналасқан «Дина» супермаркетіне кетті. Қашан келетінін айтпады. Мен одан тек кешікпей, үйге қайтуын сұрадым. Біз қызымыздың үйге аман-есен оралуын күтеміз, оның жағдайы жақсы деп сенеміз және оны қатты сағындық», — дейді Вера Бойкова.
Полиция өкілдері осы оқиғаға қатысты ақпаратқа ие жандарды дереу хабарласуға шақырады. Наталья Бойкованың жүрген жері жайлы кез келген мәліметті 102 нөміріне қоңырау шалып хабарлауға болады.