Атырау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде өткізілген жоспарлы далалық оқу-жаттығу барысында мерзімді қызметтегі сарбаз көз жұмды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Қайғылы оқиға 12 наурыз күні атыс жаттығулары кезінде орын алды. Алдын ала болжам бойынша, сарбаздың өміріне қаруды абайсыз қолдану себеп болған. Зардап шеккен әскери қызметші дереу ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.
Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеру үшін Қорғаныс министрінің орынбасары бастаған арнайы топ оқиға орнына аттанды. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Тергеу барысы Бас әскери прокуратураның жеке бақылауына алынды.
Қарулы күштер басшылығы марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтты. Ведомство заңнамада қарастырылған барлық қажетті көмек пен қолдау шараларының толық көлемде көрсетілетініне кепілдік берді.