Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тоқаев: «Қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ»

20:45, 12 наурыз 2026

Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті, деп хабарлайды Alash.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасындағы білім, ғылым мен креативті экономиканы дамытуға бағытталған негізгі өзгерістерге тоқталып, тіл мәселесіне қатысты қауесеттерге нүкте қойды.

«Айтпақшы, жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген.

Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде  қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық.

Осы орайда қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ. 

Жаңа Конституция жобасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылған. 

Бұл ретте ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын. 

Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады. 

Қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді. Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар