Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Моджтаба Хаменеи жарақат алды»: Иран өкілдері жаңа басшының денсаулығы туралы ақпарат берді

14:27, 12 наурыз 2026

Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігі жаңадан сайланған жоғарғы басшы Моджтаба Хаменеидің жарақат алғанын алғаш рет ресми түрде мойындады, деп жазады Alash.kz. 

Бұл мәліметті Иран СІМ өкілі Эсмаил Багаи итальяндық «Corriere della Sera» басылымына берген сұхбатында жария етті. Оның айтуынша, Моджтаба Хаменеи қақтығыстар кезінде жарақат алған, алайда қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деңгейде.

 «Ол жараланған, бірақ өзін жақсы сезінеді. Оның қашан алғашқы сөз сөйлейтінін білмеймін. Жаңа жоғарғы басшы қызметіне үш-төрт үміткер болды, бірақ сарапшылар кеңесіндегілердің көпшілігі оны таңдады», — деді Эсмаил Багаи.

Осыған дейін Моджтаба Хаменеидің жараланғаны туралы ақпарат бірнеше рет тарап, оны Иран билігі мен президенттің ұлы теріске шығаруға тырысқан еді. Дегенмен, германиялық «BILD» басылымы аятолланың жарақат алып, қауіпсіз жерде жасырынып жатқаны туралы деректі жариялаған болатын.

Айта кетейік, жақында ғана 56 жастағы Моджтаба Хаменеи марқұм Али Хаменеидің орнына жоғарғы басшы болып тағайындалған еді. Осы оқиғаға байланысты АҚШ Президенті Дональд Трампқа журналистер тарапынан сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, БАҚ өкілдері Трамптан Моджтаба Хаменеиді «аңду» операциясының жүргізіліп жатқан-жатпағаны туралы сұраған болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар