Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматы жолдары талапқа сай ма?

20:13, 12 желтоқсан 2024 48

Алматыда жол құрылысына қажетті материалдардың сапасы тексерілуде. Жолдардың сапасы мен ұзақ мерзімге төзімділігі құрылыс барысында қолданылатын материалдардың сапасына тікелей байланысты. Осыған орай, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы (ЖАҰСО) Алматы филиалының мамандары “БАКАД” асфальтбетон зауытына барып, құрылыс материалдарының сапасын тексеру мақсатында сынамалар алды.

Тексеру барысында мамандар жол құрылысында қолданылатын қиыршық тас пен битумнан сынамалар алып, зертханалық талдау жүргізу үшін жіберді.

Қиыршық тастардың беріктігі, тығыздығы және басқа да техникалық сипаттамалары жол жабынының сапасына айтарлықтай әсер етеді. Ал битумның сапасы, оның ішінде адгезиялық қасиеті мен тұрақтылығы жолдың төзімділігін анықтайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады.

Айта кетейік, осы жолы сынама алынған битум - Павлодар мұнай-химия зауытының өнімі. ЖАҰСО Алматы филиалының инженері Дәурен Қажымұқановтың айтуынша, жол сапасына қойылатын талаптар қатаң, себебі бұл тек жолдардың ұзақ уақыт пайдаланылуын ғана емес, сонымен қатар көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

“Құрылыс материалдарының сапасы талаптарға сай болмаса, жолдардың ерте тозуына әкелуі мүмкін. Сондықтан біз әрбір кезеңде материалдардың стандарттарға сәйкестігін мұқият тексеріп отырамыз. Зертханада сынама қорытындысын дайын болғанда оның нәтижесін тапсырыс берушілерге және жауапты органдарға береміз,” – деді ол.

Бұл тексеріс нәтижесінде алынған сынамалар зертханада егжей-тегжейлі талданып, нәтижелері бойынша материалдардың сапасына баға беріледі. Егер талаптарға сай келмейтін мәселелер анықталса, оларды жою бойынша шаралар қабылданады.

Жол сапасына ұқыптылықпен қарау – заманауи инфрақұрылымды дамыту мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды қадамдарының бірі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар