Атырау өңірінде қоғам назарын аудартқан резонансты қылмысқа байланысты басты күдікті ретінде аталып жүрген Сұлтан Сәрсемалиев жөнінде жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналистің жазуына қарағанда, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев тұйық өмір салтын ұстанған, көпшілікпен араласпай, оңаша өмір сүрген. Оның жақын достары болмаған, көршілерімен де қарым-қатынас орнатпаған. Күдіктінің қоғамдық ортадан бойын аулақ ұстап, жабық өмір сүргені айтылады.
Гүлмира Әбіқайдың жазуынша, Сәрсемалиев ешқашан фотоға түспеген, тіпті таныстарының қолында оның бірде-бір суреті сақталмаған. Сонымен қатар ол соңғы уақытта жұбайының әлеуметтік желідегі барлық аккаунттарын өшірткізгені де атап өтіледі.
Журналист жазбасында марқұмдардың үйінен мәйіттері табылған ауыр қылмысқа қатысты күдіктің күйеу балаға түсуі қоғамды елең еткізгенін айтады. Оның мәліметінше, Сұлтан Сәрсемалиев дінге жақын болған, ал әйелі Ақбаян күйеуіне толықтай бағынышты өмір сүрген. Ақбаянды ауыл тұрғындары да жақсы тани қоймаған, көршілері оның жүзін көрмегенін жеткізген.
Сондай-ақ журналист өз жазбасында күдіктінің ізі Индонезияның Бали аралына дейін барғанын атап өтіп, оның нақты жоспары мен мақсатын құзырлы органдар анықтайтынын жазған. Ол бұл жағдайға байланысты ең алдымен Ақбаянның тағдырына алаңдаулы екенін де жасырмады.
Қазіргі таңда аталған қылмыс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құзырлы органдар істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған шараларды жүргізуде.