Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Телефоны қолында… Бәрін көріп, оқып отыр»: Қызылордадағы жол апатынан зардап шеккен әйел есін жиды (ФОТО)

09:51, 31 қазан 2026

Қызылордада 13 қазанда болған жол апатында бес айлық сәбиінен айырылып, өзі ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түскен әйелдің есін жиғаны белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.

Сұмдық оқиға Құлтекенов көшесінде сағат 17:10 шамасында тіркелген. Алдын ала анықталғандай, Mitsubishi Lancer маркалы автокөлікті тізгіндеген жүргізуші қолында бес айлық сәбиі бар ананы қағып кетіп, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетпестен оқиға орнынан бой тасалаған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екеуі де шұғыл түрде емдеу мекемесіне жеткізілгенімен, дәрігерлер кішкентай сәбидің өмірін арашалап қала алмады.

Алғашқы күндері ес-түссіз жатқан ананың денсаулық жағдайын дәрігерлер өте ауыр деп бағалаған еді. Жол апатының соққысынан әйелдің бас сүйегі, қабырғалары, бұғанасы, жамбасы мен тобығы сынып, өкпесі зақымданған, сондай-ақ ол ауыр жарақаттық шок алған. Дегенмен, кейінірек зардап шеккен азаматшаның есін жиғаны хабарланды. Әйтсе де, оның қазіргі жағдайы мен емдеу барысы жайлы ресми медициналық қорытынды әлі жарияланған жоқ.

Екі аптадан астам уақыт өтсе де, адам өліміне әкеліп соқтырған әрі оқиға орнын тастап кеткен жүргізуші әлі күнге дейін қолға түскен жоқ. Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғап, күдіктінің жеке басын анықтаған.

Құқық қорғау органдары күдіктіге ресми түрде іздеу жариялап, сот санкциясымен оны сырттай қамауға алу бұлтартпау шарасын қолданды. Полиция өкілдері қазіргі таңда күдіктінің орналасқан жерін анықтауға барлық күш-жігердің жұмылдырылғанын және бұл тергеу ісінің ерекше бақылауда тұрғанын жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар