Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов әскерде қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары жолдаған арыз-шағымдар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазіргі уақытта қадағалаушы орган өкілдері зардап шеккен тараптармен кездесулер өткізіп, олардың талаптарын зерделеуде.
Берік Асыловтың айтуынша, әрбір жағдай бойынша заң аясында тиісті тексерістер ұйымдастырылған.
Бас прокурор атқарылған іс-шараларға тоқтала келе: «Бәрімен сөйлестік. Олардың талаптарын қарастырдық. Заң бойынша қылмыстық істерді қарастырып, тексеріс жүргіздік», - деп мәлімдеді.
Тергеу амалдары тек жекелеген эпизодтарды ғана емес, сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды тұлғаларын да қамтып отыр. Ведомство басшылығының қызметтік міндеттеріне қатысты арнайы зерттеулер басталған.
Бұл туралы Бас прокурор: «Тергеу барысында барлық эпизод бойынша іс қозғалды. Одан бөлек, осы сұрақтарға жауапты қорғаныс министрлігінің басшылығының үстінен іс қозғалып, тергеліп жатыр», - деді.
Күдіктілер қатарында министр мен оның орынбасарларының бар-жоғы туралы сауалға жауап берген Берік Асылов тергеу нысанында осы мәселеге жауапты тұлғалардың барлығы бар екенін растады.
«Олардың қатарында осы сұраққа жауапты адамның бәрі бар», - деп түйіндеді ол.