Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«7 адам қаза тауып, 26 адам жараланған»: Щучинскідегі сұмдық жарылыс туралы ел естімеген ақпарат тарады

10:28, 27 ақпан 2026

Ақмола облысының әкімдігі Щучинск қаласында орналасқан «Палау орталығы» дәмханасында орын алған қайғылы оқиғаға қатысты тың деректерді жариялады, деп жазады Alash.kz. 

Төтенше жағдай салдарынан қаза болғандар саны жетеуге жетті, олардың арасында 16 жастағы жасөспірім қыз бар.

Соңғы мәліметтер бойынша, жарылыс пен одан кейін тұтанған өрттен барлығы 26 адам зардап шеккен. Қазіргі уақытта 13 науқас стационарлық жағдайда ем алып жатса, тағы 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілген. Ауыр жағдайдағы бес адам Көкшетау қаласындағы облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді, ал тағы екі зардап шегушіні облыс орталығына тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылуда.

Әкімдіктің ресми мәлімдемесінде науқастардың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты назарда екені айтылған:

«Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Науқастардың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында».

Қазіргі таңда оқиға орнында құрылған облыстық жедел штаб қызметін жалғастырып, жарылыстың нақты себептерін анықтап жатыр. Ақмола облысының басшылығы қаза тапқан азаматтардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетілетініне сенім білдірді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар