Отардағы әскери бөлімде жағы сынған сарбаз жарақатының зардабын ұзақ уақыт тартуы мүмкін. Бұл жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп жазады Alash.KZ.
Аталған министрлікке Отардағы әскери бөлімде жағы сынған сарбаз Есбол Қапардың жарақаты және емделу барысы жөнінде kazinform_kz сауал жолдаған.
— «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 273-бабына сәйкес, пациент туралы мәлімет медициналық қызметкер сақтауы тиіс құпияға жатады және бұл құпия заңмен қорғалады, — делінген ресми жауапта.
ҚР ДСМ дәл Есбол Қапарға қатысты пікір білдірмесе де, жақ сынудың салдары қандай болатыны жөнінде жалпылама мәлімет берді.
Адамның жағы сынған соң, зақымдану дәрежесіне байланысты тістеу қабілетінің бұзылуы, ауызды ашудың шектелуі, тамақ жеудің қиындауы, иек пен төменгі ерін аймағында сезімталдықтың уақытша бұзылуы тәрізді зардаптары байқалуы мүмкін. Сондай-ақ, бет сүйегінің сынуы мен мидың шайқалуы қатар болуы ықтимал.