Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында ірі әскери текетірес басталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ресми Кабул Пәкістан тарапынан жасалған әуе шабуылдарына жауап ретінде әскери операция ұйымдастырып, көрші елдің 15 шекара бекетін бақылауына алғанын жариялады.
Екі ел арасындағы шиеленістің артуына өзара айыптаулар себеп болып отыр. Пәкістанның Қорғаныс министрі Хаваджа Асиф Ауғанстан басшылығын елді Үндістанның ықпалына жығып берді, терроризмді қолдады және жергілікті халықты қанады деп айыптады. Бұл мәлімдеме тараптар арасындағы саяси қайшылықты одан ары тереңдете түсті.
Ұзындығы 2600 шақырымды құрайтын Ауғанстан-Пәкістан шекарасындағы ахуал соңғы жылдары тұрақсыз болып келген еді. Мұндай ірі қақтығыстар 2025 жылдың қазан айында да тіркелген болатын. Қазіргі таңда шекара маңындағы әскери белсенділік екі мемлекет арасындағы қатынастардың ең төменгі деңгейге түскенін көрсетіп отыр.