Астанада бүгін дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бастамасымен көші-қон заңнамасындағы қандастарға қатысты өзгерістер мен толықтырулар бойынша дөңгелек үстел өтті, деп жазады Alash.KZ.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қалалық филиалының төрағасы Ғалым Үлкенбайдың айтуынша, жақында көші-қон саясатына байланысты үкімет тарапы үш түрлі пилоттық жоба әзірлеген. Tizgin.kz жазғандай, оның бірі – шетелдегі қазақтардан Қазақстанға келгенде сотталмағаны жөнінде құжат талап етуі, екіншісі – шығу парағы болса, үшіншісі – тест тапсыру.
«Осы өзгерістер Қытайдан көшіп келген қандастарға өте ауыр тиіп тұр. Қытайда біріншіден, шығу парағы деген мүлде қарастырылмаған. Екіншіден, сотталмағаны жөнінде қағаз мүлде берілмейді. Ол заңдарында мүлде жоқ. Үшіншіден, тест тапсыруға келгенде қазақ екеніміз рас болса да, тіліміз басқа болып кеткен соң ол қиын. Сондықтан, үкімет, ІІІМ, көші-қон қызметі осы үш талапты қандастардан алып тастаса деп өтінеміз”, – дейді Ғалым Үлкенбай.
“Қандастардың бәрі осы талаптарға байланысты сан соғып, қатты алаңдап отыр” дейді журналист әрі белсенді Қалиақпар Үсемханұлы. Оның сөзінше, бұл талаптар мүлде – жүйесіз.
“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қандастардың бәрінің басын атажұртқа қосу – біздің парызымыз деген. Дүниедегі барлық қазақтың Отаны – Қазақстан екенін де қадап айтқан. Демек, көші-қонға қатысты пилоттық жоба президенттің осы сөзіне сәйкес келмейтіні анық. Сондықтан біз құзырлы органдарға осы заңды жасаған төрт бірдей министрлікке өтініш-талаптарымызды айтып жатырмыз”, – дейді ол.
Жиынға қатысушылар ең дұрысы – бұрынғы жүйені күшінде қалдырып, қандастарды азаматтыққа жеңілдікпен қабылдауды өтінеді.