Пәкістанның Қорғаныс министрі Хаваджа Асиф Ауғанстандағы билік басындағы топқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасап, екі ел арасындағы қатынастың жаңа кезеңге өткенін хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Министрдің айтуынша, НАТО әскері кеткеннен кейін Ауғанстан ішкі даму жолына түседі деген үміт ақталмаған. Керісінше, қазіргі билік елді Үндістанның ықпалына жығып беріп, терроризм ошағына айналдырды және өз халқының, соның ішінде әйелдердің діни әрі адами құқықтарын шектеп отыр.
Пәкістан тарапы аймақтағы бейбітшілікті сақтау үшін ұзақ уақыт бойы дипломатиялық күш салып, соңғы жарты ғасырда 5 миллионнан астам ауған босқынын қабылдағанын алға тартты. Алайда ресми Исламабад Ауғанстан басшылығының Үндістанның мүддесін қорғайтын «қуыршаққа» айналуы мен Пәкістанға жасалған шабуылдарға бұдан былай төзбейтінін жеткізді.
«Шыдамның да шегі бар. Енді бұл - ашық айқас. Біз нақты шешімдер мен батыл әрекеттерге көшеміз. Пәкістан әскері мұхиттың ар жағынан келген жоқ, біз сендердің шынайы жағдайларыңды жақсы білеміз», - деп түйіндеді Қорғаныс министрі.