Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Атыраудағы жоғалған отбасы: Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаға қатысты дерек шыға ма?

22:05, 26 ақпан 2026

Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында болған жантүршігерлік оқиғаға қатысты жаңа деректер белгілі болды. Өз үйінен өлі күйінде табылған зейнет жасындағы ерлі-зайыптылардың туыстары күдікке ілінген қыздары Ақбаянның тірі табылғанына әзірге қуанып отыр, деп жазады Alash.KZ.

Еске салайық, бұған дейін жоғалып кеткен Ақбаян мен оның азаматтық некедегі жұбайы Сұлтан Сәрсемалиев шетелде, Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталған болатын. Қазір оларды елге қайтару мәселесі бойынша тиісті органдар жұмыс жүргізіп жатыр.

Марқұм Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы Асылa Мұқанғалиеваның айтуынша, туыстары Ақбаянның бұл ауыр қылмысқа қатысы барына сенбейді. КТК телеарнасының мәліметінше, олар «ең бастысы — тірі табылғаны» деп, енді із-түзсіз кеткен екі жақыны — Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның тағдыры анықталса екен деп үміттенеді.

Туыстарының сөзінше, Ақбаян мінезі жұмсақ, балажан жан болған. Сондықтан олар оның ата-анасына қасақана зиян келтіруі мүмкін дегенге күмәнмен қарайды. Жақындары «ол күйеуінің ықпалында жүрген шығар» деген болжам айтады.

Сондай-ақ, отбасы мүшелері балалардың жан-жаққа бөлініп кеткеніне қиналатынын жеткізді. Егер Ақбаян елге аман-есен оралып жатса, бес баласын қайта бауырына басуына қолдан келген көмекті көрсетуге дайын екендерін білдірді.

Айта кетейік, аталған ауылда бір үйдің төрт мүшесі жоғалып кеткеннен кейін қоғамда үлкен алаңдаушылық туындаған еді. Кейіннен зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіті өз үйінен табылды. Ал олардың ұл-қызы — Наурыз бен Мейрамгүлдің қайда екені әлі белгісіз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар