Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Атырау облысында орын алған атышулы қылмысқа қатысты күдіктілердің ұсталу сәтінен бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ерлі-зайыптыларды өлтірді деген күдікке ілінген тұлғалар Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында қолға түскен.
Ауқымды жедел-іздестіру шаралары шетелдік құқық қорғау органдарымен тығыз іс-қимыл негізінде жүзеге асырылды. Ұсталғандардың арасында негізгі күдіктімен бірге оның бұрынғы әйелі де бар. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл әйел қаза болған ерлі-зайыптылардың туған қызы болып шықты және ол да ата-анасын өлтіру дерегі бойынша күдіктілер қатарына жатқызылып отыр.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта күдіктілерді Қазақстанға экстрадициялау процедуралары жүргізілуде. Жақын арада олар елге жеткізіліп, тергеу амалдары жалғасады.
Еске сала кетейік, зардап шеккен отбасы мүшелері 2025 жылдың күз айларында жоғалып кеткен болатын. Сол жылдың 25 желтоқсанында Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданып, ағасымен және оның жанұясымен бір айдан астам уақыт бойы байланыс үзілгенін хабарлаған. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 2026 жылдың 6 қаңтарында ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды.