Атырау облысында бір отбасының із-түссіз жоғалып кетуіне байланысты іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы хабарлады.
Аталған оқиғаға қатысты тың деректерді істі алғашқылардың бірі болып зерттеген журналист Жанат Молдашова мәлім етті. Оның айтуынша, із-түзсіз жоғалған Наурыз есімді азаматтың телефонынан жіберілген күмәнді хабарламалар тергеу назарын аударған.
Журналистің дерегінше, Наурыздың телефоны арқылы белгісіз адам тек жазбаша хабар алмасқан, қоңырауларға жауап бермеген. Хабарламаларда жуырда сатылған малды «өздерің қалаған бағаға ала беріңдер» деген мазмұндағы жазбалар болғаны айтылды.
Сондай-ақ ақпарат көздерінің мәліметінше, қарашаның 2-сі күні үйге келген қыз бен күйеу бала 5 қарашада кеткен. Ал 6 қараша күні көршіге Наурыздың атынан «малдарыма қарап тұршы» деген хабарлама жолданған. Көршісі қолы бос еместігін айтып, бас тартқан.
Осыдан кейін марқұм Мақсот есімді азаматтың банк картасынан көршісіне 10 мың теңге аударылғаны анықталған. Алайда көршісі бұл әрекетті орынсыз деп санап, қаражатты кері қайтарған.
Қазіргі уақытта бұл деректердің барлығы тергеу аясында тексеріліп жатыр. Із-түзсіз жоғалған отбасының тағдырына қатысты ресми мәлімет әлі жарияланған жоқ.