Танымал әнші Қайрат Нұртас өткен жылғы туған күнінде жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова жасаған тосынсый туралы айтып берді. Бейнежазбаны актриса араға бір жыл салып жариялаған, деп жазды Аlash.kz.
Жұлдыз әншіге бесінші сәбиіне жүкті екенін ерекше форматта жеткізген. Отбасы мүшелері жиналып, Қайратқа сыйлық ретінде ішіне сәбидің киімі мен УЗИ суреті салынған қорап ұсынған.
Баланың киімін қолына алған әнші алғашында таңырқап, «Мынау не?» деп сұраған. Кейін УЗИ суретін көрген соң ғана қуанышты жаңалықты түсінген.
«Мәссаған! Шынымен бе? Мен бақыттымын! Құдай қаласа, біз жетеу боламыз. Бұл мен үшін ең үлкен сыйлық. Жұлдыз, саған шексіз рахмет», – деген ол.
Желі қолданушылары да әншінің шынайы қуанышын ерекше қабылдап, жылы лебіздерін білдірген.
Айта кетейік, Қайрат Нұртас 25 ақпанда 37 жасқа толды. Өнер иесі туған күнін отбасы ортасында атап өткен.