Шағын және орта бизнесті дамыту Алматы қаласының да қарышты қадамдарының бірі әрі бірегейі. Қала басшысы Ерболат Досаев кәсіпкерлермен кездесуінде былай деген болатын.
«Шағын және орта бизнесті өрістетуші кәсіпкерлер қала экономикасының негізгі тірегі ғана емес, басты жұмыс берушілер болып саналады. Алматыны дамыту жолындағы маңызды міндеттердің бірі – мегаполис экономикасын көтеріп, әлеуетін арттыру. Алматы қаласының әбрір үшінші тұрғыны еңбекке араласады, бұл орасан жетістік. Сондықтан да шағын және орта бизнесті дамыту үнемі назарымызда, мемлекет қамқорлығында болады».
Шаһар басшысы кәсіпкерлерге деген мемлекеттің көрсетіп келе жатқан қолдауы мен қамқорлығы турасында жуырда бизнес өкілдерімен арнайы өткізген кездесуде де осы мәселеге айырықша тоқталды. Қаланың бизнес ахуалының жақсарып көтерілуі мегамолисті дамыту бағдарламасының алтын арқауы болып қала бермек қашанда. Түрлі салада кәсібін дөңгелетіп жүрген жандармен кездесуде бизнес өкілдері де өздерінің көкейкесті саулдарын да жолдап, кәсібінің нәсібін арттыру жолындағы түйткілдерді де қозғаған болатын. Алматы қаласын дамыту жөніндегі қабылданған құжаттың жетінші бағытында шағын және орта бизнесті, жалпы кәсіпкерлікті дамыту жайы қамтылып, қолдау жайы жазлған. Ерболат Досаев ұлттық экономиканың бестен бірін, мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен бірін, сонымен қатар Қазақстандағы сауда операцияларының 35 пайыздан астамы Алматы қаласына тиесілі. Сондықтан да Алматы қаласын бизнес пен капиталдың орталығы деп тегін айтпаса керек. Оның үстіне қала әкімі Е.Досаев айтқандай Алматы қаласының шағын және орта бизнес өкілдері шаһар экономикасының 47,5 пайызын қамтып отыр, оған қоса алматылықтарды тұрақты жұмыс көзімен қамту ісінің 65 пайызы да осы шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбегі. Жұмыс беруші орынның 65 пайызы кәсіпкерлер деген сөз бұл.
Алматы қаласының жас кәсіпкерлерінің бірі – Бауыржан Бәйімбет: «шағын және орта бизнесті қолдау турасында мемлекеттің жасап отырған қолдауы да ақпараттық демеуі де көп. Тек әркім ізденіп, кәсіп ашамын, бизнесімді дөңгелетемін деген жандар ізденіп қарауы керек деп санаймын. Мен өзім де «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау ұйымының «Бизнес бастау» бағыты бойынша арнайы курс оқып білім алдым, бағыт-бағдарымды түзіп, бизнес жоспарымызды жүйелеп, саламызды айқындадық. Жаңа кәсіп бастаймын деген жас кәсіпкерлерге белгілі бір сомада қайтарымсыз гранттар тағайындайды. Қазіргі таңда Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас болуымен шағын және орта бизнесте еңбекақы алатын жұмыскерлердің жалақысының 20-40 пайыздайын мемлекет қаржыландырып, қолдау көрсетуде, бұл деген де жас кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Мемлекетіміздің осы бағыттағы ұстанған саясатының тиімділігі сол, ең әуелі елдегі жұмыссыздық саны қысқарса, екіншіден кәсіпкерді жұмысшыға төлейтін еңбекақысының белгілі бір мөлшерін субсидиялау арқылы өтеп отырады.
Біздің таңдаған саламыз ауылшаруашылығы өнімдерін сату болғандықтан, осы салаға қатысты сұраныс та жоғары. Өзіңіз білесіз, бүгінгі күнде ауылдан қалаға үдере көшу қарқын алып отыр. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі азайған сайын сұраныс та артатыны белгілі. Ең бастысы ауылшаруашылығы өнімдері құрамы жағынан таза табиғи құнары жоғары болғандықтан сапасы да жоғары. Осы салада бес-алты жылдан бері кәсібімізді өрістетіп келе жатқандықтан, сиыр етіне деген қала халқының сұранысы жоғары. Пандемиядан бері қарай қой етіне де сұраныс күрт артты, бұрын анау айтарлықтай аса қызыға қоймайтын. Жылқы етіне де сұраныс тәп-тәуір. Тәубе дейміз, мемлекеттік қызметте жүріп, тәуекелмен кәсіпкерлікке бет бұрдық, ісіміз өнімді болып, төккен теріміздің өтеуіне несібемізді алып жүрміз» дейді жас кәсіпкер. Расында да біздің елімізде кәсіпкерлікті қолдауға, демеуге келгенде қамқорлық орасан, тек істің көзін, шаруаның тетігін таба білу керек.