Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қарулы қақтығыстар күшейіп, ауыр шайқастар орын алды, деп жазады Alash.kz.
AP News-тің мәліметінше, сенбі мен жексенбі түні Ауғанстан әскерлері шекара бойында арнайы операция жүргізіп, оның нәтижесінде 58 пәкістандық сарбаз қаза тауып, тағы 30 жауынгер жараланған.
Ауған тарапының мәлімдеуінше, сонымен қатар 25 пәкістандық әскери бекет басып алынған. Бұл туралы "Талибан" үкіметінің ресми өкілі Забихулла Мужахид Кабулде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
"Ауғанстанның барлық ресми және бейресми шекаралары толық бақылауда. Заңсыз әрекеттердің алдын алу бағытында нақты шаралар қабылданды", – деді үкімет өкілі.
Еске салайық, бұған дейін де Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында, Дюранд сызығы бойында қақтығыстар жиілеген болатын. Қазір ауыр ұрыстар Кунар, Нангархар, Гильменд, Пактия және Пактика провинцияларында жүріп жатыр.