Израиль билігі ХАМАС ұйымынан тірі қалған барлық тұтқынды дүйсенбі күні таңертең Қызыл Крест өкілдеріне тапсыруды күтетінін мәлімдеді, деп Alash.kz ұлттық порталы Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы жексенбі, 12 қазанда Израиль үкіметінің баспасөз хатшысы Шош Бедросян хабарлады. Оның айтуынша, босатылған адамдар шекара арқылы Израиль аумағына өткізіліп, Реим әскери базасына жеткізіледі.
"Қаза тапқан тұтқындардың сүйектері израильдік тулармен жабылып, сот-медициналық зертханаға сәйкестендіру үшін жіберіледі", – делінген хабарламада.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жексенбі күнгі мәлімдемесінде:
"Біздің ел барлық тұтқындарды дереу қабылдауға дайын", – деді.
Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, ХАМАС ұйымы тұтқындарды босатуға дайындық ретінде оларды жинау пунктеріне тасымалдауды бастаған.
Deutsche Welle мен AFP агенттігінің мәліметінше, тұтқындарды босату 13 қазан, дүйсенбі күні таңертең басталады.
Палестиналық қозғалыстың дерегіне сәйкес, Израильге 20 тірі адам мен 27 марқұмның денесі, сондай-ақ 2014 жылы қаза тапқан израильдік сарбаздың сүйегі қайтарылады. Ал бұған жауап ретінде Израиль түрмелерінен шамамен 2000 палестиналық тұтқын босатылмақ.