АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың немересі Кай Мэдисон Трамп әлеуметтік желіде атасымен бірге гольф ойнаған сәтін жариялап, желіде қызу талқыға түсті. Видеоға қазақстандық рэпер Скриптониттің "Не расслабляйся" атты танымал әні қосылған, деп хабарлайды Alash.kz.
18 жастағы Кай Трамп – блогер, YouTube-тың "алтын" және "күміс" түймелерінің иегері әрі кәсіби гольфшы. Сарапшылардың пікірінше, ол атасының – Дональд Трамптың жастар арасындағы танымалдылығын арттыруда маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Жарияланған бейнероликте Кай мен Дональд Трамп гольф алаңында доп соғып, ойынды көңілді өткізеді. Немересі алыстан дәл соққы жасап, допты лункаға түсірген сәтте екеуі жұдырық түйістіріп, бір-бірін құттықтайды. Видео соңында олар гольф көлігіне мініп, алаңнан кетеді.
Жазбада Скриптониттің әнінің пайдаланылуы қазақстандық тыңдармандардың ерекше назарын аударды. Пікір қалдырушылар Кайдың музыкалық талғамын жоғары бағалап, "Скриптонит – нағыз әлемдік деңгейдегі әртіс" деген пікірлер қалдырған.