Атырау қаласында азаматтық некедегі жұбайын 28 жерден пышақтап, ерекше қатыгездікпен өлтірген Ерсінбек Жұмағалиевке қатысты сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды Alash.kz.
Жан түршігерлік оқиға биылғы 22 шілде күні орын алған болатын.
Тергеу мәліметтері мен сот барысында анықталғандай, 37 жастағы күдікті әйелімен алты жыл азаматтық некеде отасқан. Тұрмыстық жанжал кезінде ол жұбайын 28 жерден пышақтап, оқиға орнынан бой тасалаған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, пышақ жәбірленушінің кеңірдегін тесіп өтіп, денесіне орасан зор ауыр соққылар жасалған, ал марқұм тіл тартпай көз жұмған. Ең сорақысы, осы қанды қылмысты ерлі-зайыптылардың үш жастағы кішкентай қызы көріп қалған. Қаскөй сәбиді қансырап жатқан анасының қасына жалғыз тастап, тәуліктен аса уақыт бойы қараусыз қалдырған.
Судья мен мемлекеттік айыптаушы сотталушыдан бұндай қатігездікке не себепті барғанын және баласын неліктен қанға боялған үйде жалғыз қалдырғанын сұрады. Өз кезегінде қылмысын мойындап, өкінетінін жеткізген Ерсінбек Жұмағалиев бұған марқұмның әрекеті түрткі болғанын алға тартты:
«Ұйықтап жатсам, маған пышақпен келді. Білмеймін ғой. Ұрыс болғанда, сол, баяғы ақша, алимент, кредит. Әйелім пышақпен ұмтылып, қорғандым», — деді сотталушы.
Алайда ол үш жасар қызын неге өлген анасының жанына тастап кеткені туралы сұраққа ешқандай мардымды жауап бере алмады. Судья Зарема Хамидуллина сотталушыға бұл әрекетінің жауапсыз екенін қатаң ескертті:
«Сізден әлі жауап ала алмадық, бәріміз сол сұрақты қойып отырмыз. Балаңызды неге тастап кеттіңіз? Оның үстіне Алмагүлдің көзі ашық қалғанын көріп тұрсыз ғой. Көзі ашық қалған деген — кенеттен қайтыс болған. Неге үш жасар қызыңызды өлген анасының жанына тастап кеттіңіз?», — деді судья.
Өз кезегінде марқұм Алмагүл Шымырованың анасы Қатима Шымырова күйеу баласының марқұмға жала жауып, кінәні өзінен сейілткісі келетініне ашынып, қатаң жаза талап етті:
«Өлген адамға бәрін жауып тастап тұр. Өлген адам сөйлей алмайды деп, солай айтып тұр ғой. Оны мен түсініп тұрмын. Өзінің басын алып қашып тұр ғой. Ол тіпті баланы да ойлап тұрған жоқ. Ал бала өліп қалады, сонда не болады ал?! Ит талаған сияқты қызымды зомбылықпен өлтірген!», — деді көз жасына ерік берген ана.
Жәбірленуші тарап жауыз күйеудің өмір бойына бас бостандығынан айырылуын талап етіп отыр.