Ресейдің Білім министрлігі 8-сынып оқушыларына арналған әскери жиын бағдарламасын әзірледі, деп жазады Alash.kz.
Оқушыларды әскери бөлімдер мен арнайы орталықтарға жіберу жоспарланып отыр. Онда балалар автоматтың құрылысын үйреніп, саптық дайындықтан өтеді және алғашқы медициналық көмек көрсетуді меңгереді. Кей өңірлерде мектеп оқушыларына ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және тактикалық медицина бойынша да сабақ беріледі.
Балаларды әскери даярлау жүйесіне миллиардтаған рубль бөлінген:
2026 жылғы федералдық бюджетте «Воин» орталығына 3,72 млрд рубль, ал «Юнармия» шараларына 1,05 млрд рубль қарастырылған.
Приморье өлкесіндегі «Авангард» орталығына 470 млн рубль бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Өңірде 8-сынып оқушыларына арналған бес күндік әскери жиындар ұйымдастырылады.
Сахалин облысында алдағы үш жылда 8 мың оқушыны «Әскери іс» курсына қатыстыру жоспарланған. Онда сабақ беруге соғыс қимылдарына қатысқан адамдар да тартылады.
Ресей премьер-министрінің орынбасары Юрий Трутневтің мәлімдеуінше, 2027 жылдың соңына дейін «Воин» орталығының барлық нұсқаушысы Украинадағы соғысқа қатысып, жауынгерлік тәжірибе жинауы керек. Оның айтуынша, қазірдің өзінде 200-ден астам нұсқаушы соғыс қимылдарына қатысқан.
Ресей мектептерінде әскери дайындық бұрыннан бар. Алайда Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс басталғалы бері билік бұл бағдарламаларды төменгі сыныптарға да енгізіп, әскери орталықтар желісін кеңейтіп келеді. Сонымен қатар, балаларды оқытуға соғыс ардагерлері де тартылып жатыр.