Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ифтар, сухур, ухти, ахи»: ҚМДБ діни сөздерді орынсыз қолдануға қатысты үндеу жасады

«Ифтар, сухур, ухти, ахи»: ҚМДБ діни сөздерді орынсыз қолдануға қатысты үндеу жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Мемлекет басшысының Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында көтерген маңызды бастамаларына қолдау білдіріп, дін саласында көне қазақ сөздерінің орнына араб және өзге де тілдердің сөздерін орынсыз жиі қолдану мәселесіне қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.

Мәлімдемеде құлшылықтағы тілдің орны мен күнделікті қарым-қатынастағы сөз қолданысының аражігін байыппен түсіну маңызды екені атап көрсетілген. Діни басқарма Құран аяттарының, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлердің араб тілінде айтылуының өзіндік ерекше мәні барын жеткізе отырып, ана тілін ардақтау қажеттігіне тоқталды:

«Құран аяттарының, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлердің араб тілінде айтылуының өзіндік мәні бар. Ана тілімізді ардақтай отырып, құлшылық сөздерінің де орнын ескергеніміз жөн», — делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Дегенмен күнделікті өмірде ойды қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жеткізу, қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен пайдалану – ана тіліне деген шынайы құрметтің көрінісі екені баса айтылды. Мәселен, діни дәстүрлерде жиі қолданылатын «ифтар» мен «сухур» сөздерінің орнына қазақтың төл «ауызашар», «сәресі» ұғымдарын қолдану халықтың ораза ұстау салтымен тығыз байланысты екені атап өтілді. Сондай-ақ бес уақыт намаздың «таң», «бесін», «екінті», «ақшам», «құптан» деген атаулары да халықтың діни өмірінде әбден орныққандықтан, оларды күнделікті әңгімеде, уағызда және намаз кестелерінде қолдану көпшілікке түсінікті әрі тіл дәстүріне сай келетіні жеткізілді.

Бұдан бөлек, кейбір азаматтардың өзара қарым-қатынаста «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат» немесе «сестра» деген сөздерді жиі қолданатынына қатысты Діни басқарма өз ұстанымын білдірді:

«Біздің пікірімізше, мұндайда өз тіліміздегі «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген сөздерді қолданған абзал. Бұл сөздер жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды», — деп атап өтті ҚМДБ өкілдері.

ҚМДБ ата-бабаларымыз імандылық тәрбиесін әрдайым таза ана тілінде жеткізіп, «аманатқа қиянат жасама», «кісі ақысын жеме», «обал болады», «сауап болады» деген қасиетті ұғымдар арқылы ұрпақты адалдыққа, жауапкершілікке және жанашырлыққа баулығанын еске салды. Осы баға жетпес рухани мұраны бүгінгі жастардың санасына сіңіру үшін оның мәнін терең ашып, күнделікті өмірмен байланыстыра түсіндіру маңызды екені атап өтілді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар