Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Маңғыстаудағы жоспардан тыс тексеру: Каспий жағалауында не болды? (ВИДЕО)

Маңғыстаудағы жоспардан тыс тексеру: Каспий жағалауында не болды? (ВИДЕО)

Маңғыстау облыстық экология департаменті Құрық ауылының маңындағы теңіз жағалауына кәріз суының төгілу дерегін растап, жауапты мекеме басшылығын жазалау мәселесін қарастыру үшін прокуратураға хат жолдады, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұған дейін Құрық ауылының тұрғындары жағалаудан өткір әрі жағымсыз иіс шығып, белгісіз сұйықтықтың суға қарай ағып жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Жағалауда серуендеп жүрген жергілікті тұрғындардың бірі балалар алаңына жақын аумақтан өтіп, теңізге құйылып жатқан лас суды байқап, редакцияға шағымданған. Бұл жағдай ауыл халқының қатты алаңдаушылығын туғызды.

Тұрғындардың өтінішінен кейін облыстық экология департаментінің мамандары аталған аумақта жоспардан тыс тексеру жүргізіп, су сынамаларын зертханалық талдауға алды. Тексеру барысында жер астындағы құбырдың зақымданып, ішіндегі сұйықтықтың жер бетіне шыққаны белгілі болды. Зертханалық сараптама қорытындысы теңізге қарай аққан сұйықтықтың кәріз суы екенін толық дәлелдеді.

Анықталғандай, апат болған құбыр Қарақия ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тиесілі болып шықты. Экологиялық заңнама талаптарының бұзылуына байланысты ведомство аталған бөлім басшылығын жауапкершілікке тарту жөнінде қадағалаушы органға ресми сұраныс жіберді.

Қазіргі таңда зақымданған құбыр жөнделіп, лас судың ағуы тоқтатылды. Дегенмен экология департаменті жағдайды өз бақылауында ұстап отыр, ал теңіз жағалауының ластануына жол берген жауапты тұлғалардың ісі алдағы уақытта қаралатын болады.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар