Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мықты мектептер мен университеттер де «кінәлі» емес»: Асхат Аймағамбетов маңызды мәселені көтерді (ФОТО)

«Мықты мектептер мен университеттер де «кінәлі» емес»: Асхат Аймағамбетов маңызды мәселені көтерді (ФОТО)

Құрылтай депутаты, бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қоғамда қызу талқыланатын репетиторлық орталықтар мен қосымша дайындық курстарының нарығына қатысты өз ойын бөлісіп, бұл құбылыстың тек Қазақстанға ғана тән емес, жаһандық үрдіс екенін алға тартты, деп хабарлайды Alash.kz.

Депутаттың пайымдауынша, елімізде көпшілік ақылы курстарға деген сұраныстың артуын көбіне Ұлттық бірыңғай тестілеумен немесе іріктеуі күрделі мектептер мен университеттердің талаптарымен байланыстырады. Ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында шетелдік беделді басылымның деректеріне сүйене отырып, қосымша білім беру нарығының ауқымын талдап берді:

«Жақында ғана репетиторлық орталықтар мен дайындық курстары туралы жазған едім. Бізде көпшілік бұл нарықтың қызуын көбіне ішкі себептермен байланыстырады — бәріне ҰБТ немесе іріктеуі қиын мықты мектептер мен университеттер кінәлі деп жатады. Бірақ бұл тек бізге ғана тән жағдай емес екен. The Economist журналының жаңа санында «Tiger mothers of the world, unite» деген қызық мақала шықты. Соған қарасақ, бітпейтін қосымша сабақтар мен баланың оқуына бастан-аяқ кірісіп кету әдеті тек Азияға тән құбылыс болудан қалған. Қазір бұл бүкіл әлемді, оның ішінде Батыс елдерін де жайлап алды», — деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Асхат Қанатұлы келтірген мәліметтерге сәйкес, бұрын репетитор жалдау тек Азия елдеріне тән сияқты көрінгенімен, бүгінде ол Батыс мемлекеттерінде де кең етек жайған. Мәселен, Оңтүстік Кореяда оқушылардың төрттен үші ақылы қосымша сабақтарға барса, тіпті тұрмысы ең төмен отбасылардың өзінде бұл көрсеткіш 57%-ды, ал бес жасар бүлдіршіндер арасында бестен төрт бөлікті құрайды. Үндістан қалаларында отбасылардың үштен бірі жеке ұстаз жалдаса, Қытайда қосымша білімге жұмсалатын қаражат дәл ең кедей аймақтарда қарқынды өсуде.

Дәл осындай үрдіс дамыған Батыс елдерінде де байқалуда. Атап айтқанда, Францияда әрбір үшінші жоғары сынып оқушысы репетитормен дайындалады. Ұлыбританияда ақылы сабақ алатын мемлекеттік мектеп оқушыларының үлесі 2005 жылғы 18%-дан қазір 30%-ға дейін өскен, ал Лондон қаласында бұл көрсеткіш 45%-ға жеткен. Сонымен қатар АҚШ-та ата-аналар балаларын түрлі үйірмелер мен секцияларға тасуға аптасына орта есеппен 15 сағат уақыт жұмсайды, ал отбасылардың бұл бағыттағы шығындары инфляция деңгейінен екі есе жылдам артып келеді.

Осы деректерді қорытындылаған экс-министр қосымша білімге деген сұраныстың түпкі себебін жаһандық бәсекелестікпен байланыстырды:

«Яғни репетиторлар мен курстарға деген сұраныс — тек бізде ғана болып жатқан дүние емес. Бұған өзіміздің мықты мектептер немесе университеттер де «кінәлі» емес. Бұл — үлкен әлемдік процесс. Оның артында жаһандық бәсеке мен кез келген ата-ананың баласының болашағына деген заңды алаңдаушылығы тұр», — деп түйіндеді Құрылтай депутаты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар