Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандағы университеттерде оқу ақысы тым қымбат деген пікірмен келіспейтінін мәлімдеп, елімізде тегін жоғары білім алу мүмкіндігі жеткілікті екенін алға тартты, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін журналистер отандық жоғары оқу орындарындағы бір жылдық оқу құны 1–2 миллион теңгеге дейін жеткенін айтып, мұндай қаражатты көптеген отбасының қалтасы көтере бермейтіні жөнінде мәселе көтерген болатын. Осыған байланысты министр мен тілшілер арасында пікір қайшылығы туындады.
Алайда ведомство басшысы мемлекеттік қолдау тетіктеріне тоқталып, соңғы жеті жыл ішінде талапкерлерге 655 мыңнан астам білім беру гранты бөлінгенін дерек ретінде келтірді. Саясат Нұрбектің есебінше, бөлінген гранттар саны мен мектеп бітірушілердің жалпы үлесін салыстырғанда, шамамен әрбір екінші түлектің мемлекет есебінен оқуға түсу мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар министр елімізде ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында білім алу бағасы сол мемлекеттердің өзінде оқуға қарағанда әлдеқайда арзан екенін атап өтті. Бұған қоса, мемлекет тарапынан оқу шығындарын толықтай жабатын арнайы гранттар қарастырылғаны айтылды.