Ақтөбедегі №8 түзету мекемесінде болған жаппай наразылыққа байланысты 10 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Оларға 2025 жылдың желтоқсанында топтасып, колония әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады және мекеме қызметкерлеріне күш қолданды деген айып тағылған болатын, деп жазады Alash.kz.
Тергеу мәліметінше, сотталушылар медициналық тексеруден өтуден бас тартып, өздеріне дене жарақатын салған. Сонымен қатар олар колония қызметкерлеріне күш көрсетіп, мекеме мүлкін бүлдірген деген күдікке ілінген.
Алайда айыпталушылар оқиғаның мүлде басқаша өрбігенін айтады.
Олардың сөзінше, колония қызметкерлері өздерін соққыға жығып, күш қолданған. Ал білектерін кесу әрекеті осы зорлық-зомбылыққа қарсылық білдіру мақсатында жасалған. Сотталушылардың бірі жарақат салуға пайдаланылған алмасты жерден тауып алғанын мәлімдеді.
Сот алдында жауап беріп жатқан 10 адамның арасында адам өлтіру, зорлау, қарақшылық, ұрлық және терроризмді насихаттау қылмыстары бойынша жазасын өтеп жатқандар бар. Айыпталушылардың ең жасы – 20-да болса, үлкені – 33 жаста.
Мемлекеттік айыптаушы Айбек Шоқпаров сотталушыларды 6 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қазіргі уақытта соттағы жарыссөз жалғасып жатыр. Іс бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.