Ресей Президенті Владимир Путин Кремльде Дональд Трамптың өкілдерімен өткен кездесу барысында Украина аумағында шетелдік әскерлерді орналастыруға түбегейлі қарсы екенін тағы да мәлімдеп, Ресей мен Украина арасында жай ғана ұзақ мерзімді емес, «мәңгілік» бейбітшілік орнатуды қалайтынын жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Кездесуде Ресей басшысы еуропалық мемлекеттер бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін де Украинаға өз әскери күштерін жіберетін болса, Мәскеу оларды заңды әскери нысан ретінде қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар ол мұндай шешімнің әскери қақтығыстардың қайта жандануына әкеліп соғуы мүмкін екенін ескертті.
Осыған байланысты Владимир Путин америкалық тараптан бұл жайтты еуропалық одақтастармен арнайы талқылап, олардың нақты нені көздеп отырғанын бейбітшілік орнатуды ма, әлде ұрыс қимылдарын одан әрі жалғастыруды ма, анықтап білуді сұрады.
Бұдан бөлек, Ресей Президенті ресми Мәскеудің Еуропа елдерімен келіссөздер жүргізуден ешқашан бас тартпағанын алға тартты. Оның айтуынша, Ресеймен арадағы диалогты алғаш болып еуропалық мемлекеттердің өздері тоқтатқан.