«МузАРТ» тобының әншісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бесбаев 50 жас мерейтойында домбырасының 15 миллион теңгеге сатылуына байланысты желіде туындаған сын-пікірлерге жауап беріп, бұл шараның түпкі мақсаты табыс табу емес, ұлттық аспаптың мәртебесін көтеру болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Еске сала кетейік, жақында 50 жасқа толған өнер иесі алдымен жеке концертін өткізіп, кейін өнердегі әріптестері мен жақындарына арнап дүбірлі той жасаған болатын. Мерекелік кеш барысында белгілі өнер қайраткерлері мен танымал тұлғалардың қолтаңбасы қойылған домбыра аукционға шығарылған. Қызу өткен бәссаудада ақын Ақберен Елгезек алғашқылардың бірі болып 4 миллион 400 мың теңге ұсынса, әнші Тоқтар Серіков аспапты 10 миллион теңгеге бағалаған. Алайда соңғы сөзді әнші Заттыбек Көпбосынұлы айтып, 15 миллион теңге ұсыну арқылы аукционда жеңіске жеткен еді.
Бұл жайт әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, кейбір азаматтар аспаптың тым қымбатқа саудаланғанын сынға алған. Өз кезегінде Мейрамбек Бесбаев достарының бұл бастаманы мерейтойды есте қаларлықтай ерекше ету үшін қолға алғанын айтып, той шығындарын өтеу туралы қауесеттерді жоққа шығарды:
«Қазақтар қосқанды жақсы көреміз ғой. "Бұл әртістер құтырған, әбден тойынған" деп. Жігіттер домбыраның қадірін көтергісі келді. Әйтпесе, сол ақшадан ақша алады дейсіңдер ме немесе домбыраны сатып, ақшасына мейрамхананың шығынын жауып алады дейсіңдер ме? Ондай жоқ. Негізі, шынымен де бере алатын мәрт жігіттер ғой. Тек қызық болсын, есте қалсын деп, домбыраның қадірін көтергісі келді», — деді әнші.
Сонымен қатар өнер иесі сол кеште екі домбыра болғанын атап өтіп, Айжан есімді келінінің ұлттық аспапқа деген ерекше құрметіне тоқталды:
«Екі домбыра еді. Келініміз Айжан "Маған айфон керек емес, ұлылардың қолы қойылған домбыра керек" деп, оның қадірін одан сайын көтерді. Аман болыңыздар. Бәріңізге осы жігіттердің жолы жұғысты болсын», — деп түйіндеді Мейрамбек Бесбаев.