Желіде тараған бір жас сарбаздың отбасы чатына қалдырған хаты жұрттың жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Alash.kz.
Әскерге кетер алдында жігіт ата-анасы жалғыз қалмасын деп, достарының байланыс нөмірлерін жазып, әрқайсысының қандай жағдайда көмектесе алатынын егжей-тегжейлі көрсетіп кеткен.
Бұл суретте жас жігіт ата-анасына достарының байланыс нөмірлерін қалдырған.
"Бахтиярдың нөмірі – үйдің маңында тұрады, ары-бері көтерісетін заттар болса айтыңдар", "Санжардың нөмірі – телефон, ноутбук, құжат, машина жөндеуді біледі", "Жанарыстың нөмірі – көлік керек болсағ алдын ала айтыңдар", "Қажымұқанның нөмірі – кез келген өтініш бойынша көмектеседі", "Оралхан – Жетісайдан, үйде бірдеңе сынып жатса, айта беріңдер, күнде жұмыста, бірақ алдын ала ескерткен жөн", – деп жазған жас жігіт өз отбасы чатында.
Бұл жазбаны Threads желісінде Айзада есімді қыз бөлісіп, бауырының әскерге кеткенін жазған.
"Бауырым әскерге аттанды. Ол ата-анамызға қарайлассын деп достарына осылай жазып қойды. Көзге жас келеді..." – деп жазды ол.
Бұл жазба Threads желісінде мыңдаған қаралым жинап, жүздеген пікірге себеп болды. Пікір қалдырғандар жігіттің жауапкершілігі мен бауырмалдылығына тәнті болған.
"Мұндай қамқор ұлға бәріміз тілекшіміз! Аман-есен оралсын!", "Ата-анасын ойлаған нағыз ер азамат!", "Мұндай бауырмал, жауапты ұл сирек. Тезірек елге аман келсін!", "Осындай ұлды тәрбиелеген ата-анасына бас иемін!", – деп жазды желі қолданушылары.