Қостанайдан Астанаға бағыт алған Qazaq Air әуе компаниясының рейсі техникалық ақауға байланысты ұшып үлгермей, Қостанай әуежайына қайта оралды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ұшақ бортында ресейлік URA.RU басылымының тілшісі де болған. Оның айтуынша, ұшақ әуеге көтерілуге дайындық кезінде дөңгелек бөлігінен жалын шыққан.
“Ұшақ қозғалып бара жатқанда кенет тоқтап қалды. Мен дәл сол дөңгелектің тұсында отырдым, тоқтаған сәтте от тұтанып, дөңгелек өртене бастады”, – деп жазды журналист.
Әуе компаниясы жолаушылардың барлығының аман екенін, ұшақтың қауіпсіз түрде тоқтағанын растады. Оқиғаға байланысты Qazaq Air компаниясы ресми түсініктеме берді.
“Ұшақта техникалық ақау анықталды, сол себепті ұшу процесі тоқтатылды. Кейбір жолаушылар дөңгелек бөлігі аумағында қысқа жарық шамдарын байқағанын атап өтті, бұл техникалық тексеріс барысында ескеріледі. Әуе компаниясының техникалық тобы ақауды тексеру және жою үшін Қостанай әуежайына жіберілді”, – делінген хабарламада.