Қазақстандық журналист Талғат Алман АҚШ-тың Нью-Йорк штатында орналасқан әйгілі ABC 7 (Буффало) телеарнасында басшылық қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол аталған америкалық арнада «Executive Reporter» лауазымын атқаратын болады. Жаңа қызметінде қазақ азаматы жаңалықтар бөлімінің жұмысын тікелей қадағалап, журналистер мен продюсерлермен тығыз әріптестікте еңбек етпек. Талғат Алман өзінің бұл қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі ресми парақшасында бөлісіп, төмендегідей ресми төл сөзін жариялады:
«Телеарнадағы алғашқы басшылық қызметке кіріскенімді ерекше қуанышпен хабарлаймын! Нью-Йорктің әйгілі ABC 7 (Буффало) телеарнасында Executive Reporter қызметін атқарамын. Жаңа қызметімде жаңалықтар бөлімінің жұмысын қадағалап, журналистер мен продюсерлермен тығыз жұмыс істеймін. Сонымен қатар жаңалықтарымыздың мазмұнды, сапалы әрі көрерменге уақытылы жетуіне атсалысып қана қоймай, репортаждар әзірлеп, зерттеу журналистикасымен айналысуды жалғастырамын. Маған осындай жауапты міндетті сеніп тапсырған басшылығыма ерекше алғысымды білдіремін. Көрсетілген сенімді ақтап, жаңа қызметімді абыроймен атқару үшін бар күшімді саламын!», — деп жазды Талғат Алман.
Айта кетейік, Буффалодағы ABC 7 телеарнасы — АҚШ медиа нарығындағы тарихы терең ірі арналардың бірі. Ол алғаш рет 1958 жылғы 30 қарашада эфирге шыққан. Бүгінде аталған арна АҚШ-тағы ABC ұлттық тележелісінің жергілікті филиалы әрі 2014 жылдан бері E.W. Scripps медиакомпаниясының құрамына кіреді. Ақпараттық мекеме Батыс Нью-Йорк өңіріндегі маңызды оқиғаларды тұрақты түрде қамтып, ауа райы, спорт және қоғамдық-танымдық бағдарламаларды ұсынып келеді. Оның «Eyewitness News» жаңалықтар қызметі ондаған жыл бойы аймақ көрермендерінің сеніміне ие болып келеді.