Түркістан облысында суға ағып кеткен 8 жасар Жаннұр Тұрсынбектің анасы Манат Едігейқызы арада сегіз айға жуық уақыт өтсе де баласын іздеуді тоқтатпай, іштегі шерін әлеуметтік желіде бөлсіті, деп хабарлайды Alash.kz.
Баласынан хабарсыз өткен 222 күннен кейін ананың жүрегінен шыққан өзекті өртеген жазбасы оқырмандардың көзіне жас алдырды:
«Жанымның нұры Жаннұрым. Сен кеткелі көктем, жаз, күз өтті. Балаларымсыз бір күн өмір сүре алмайтын сияқты көрінуші еді, бірақ, басқа салса бәріне шыдатады екен мына өмір. Балаңның не өлі, не тірі екенін білмей өмір сүру қандай қиын еді. Не күтеріңді, не үміт үзеріңді білмейсің. Сені біреу тауып алды, сені біреу ұстап отыр, мүмкін, сен ақылыңды жоғалтып алған шығарсың деген ойлар санамда тоқтамайды. Алланың құдіретінде шек жоқ қой, біреу келіп, «балаң тірі» деп айқайлайтындай көрінеді. Сыртым бүтін, ішім түтін өмір сүріп жатырмын. Сенсіз өткен 222 күн. Күтумен, сағынумен үзілмем үмітпен өмір сүріп жатырмын», — деп жазды Манат Едігейқызы.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2026 жылдың 23 наурызы күні Түркістан облысы Келес ауданында орын алған болатын. Сол күні анасы құтқарушыларға дереу хабарласып, 2018 жылы туған 8 жасар ұлы Жаннұр Тұрсынбектің абайсызда Келес өзеніне ағып кеткенін айтқан. Дабыл түсісімен құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті әкімдік пен еріктілер арнайы іздеу-құтқару операциясын бастап кетті.
Өзен арнасы мен оның төңірегі түгел тінтіліп, ауқымды іздеу шаралары жүргізілгенімен, нәтиже болмады. Осыдан кейін, тура бір ай өткенде, яғни 23 сәуірде құтқарушылар іздеуді ресми түрде тоқтататынын хабарлаған еді. Сол кезде ТЖД өкілдері оқиғаға қатысты келесідей ресми мәлімдеме жасады:
«Арнайы техника мен дрон қолдандық. Құтқарушылар ауа райына қарамай, баланы күні-түні іздеді. Бірақ, осы шараларға қарамастан, баланы таба алмадық. Сондықтан, 2026 жылдың 23 сәуірінен бастап ресми түрде іздеуді тоқтаттық», — деп хабарлаған болатын құтқарушылар.
Салдарынан ресми іздеу тоқтатылғанына қарамастан, перзентін күткен ана баласының аман-есен ораларына әлі де үміт артып отыр.