Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әзірбайжан Мәмбетов театры 8 жылдық мерейтойында «Театр 180º» комедиясын жаңа құраммен ұсынды (ФОТО)

15:18, 03 қараша 2026

Астана қаласы әкімдігінің «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры» 2026 жылғы 1 қарашада өзінің іргетасы қаланғанына 8 жыл толуын салтанатты түрде атап өтті, деп хабарлайды Alash.kz.

Мерейтойлық ауқымды шара аясында өнер ұжымы драматург Майкл Фрейннің әйгілі шығармасы бойынша қойылған «Театр 180º» комедиясын жаңа құраммен көрермен назарына қайта ұсынды. Өз уақытында театр тарихындағы ең алғашқы қойылымдардың бірі болып, шымылдықты ашқан бұл аңызға айналған спектакльді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев режиссер ретінде жаңа тыныспен жаңғыртып, мерекелік кештің басты оқиғасына айналдырды.

Салтанатты кештің бағдарламасы кешенді түрде ұйымдастырылып, сағат 17:00-де бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясымен басталды.

Одан әрі сағат 18:00-де театр ұжымының мерекелік концерті өтті.

Артынша, 8 жылдық тарихы бар театрдың адал көрермендері марапатталды. 

Ал, кештің қорытындысы сағат 19:00-де «Театр 180º» комедиясының салтанатты премьерасы көрерменге жол тартты. 

Спектакльдің ішкі мазмұны мен сюжеттік желісі көрерменді сахна сыртындағы беймәлім әрі өте қызықты оқиғалар әлеміне жетеледі. Қойылым оқиғасы бас режиссер Ллойд Далластың (Ерасыл Ахан) басшылығымен өтіп жатқан соңғы бас дайындық, яғни премьера алдындағы «ген дайындығы» сәтінен басталды. Келесі күні таңертең ресми премьера өтуі тиіс болғанына қарамастан, актерлік құрамның кейбір образдарды толық аша алмай, тура соңғы түнде бейнелерді қайта жүйелеп шығуы үлкен қарбаласты тудырды. Сахна төрінде режиссердің уақыттың тығыздығына байланысты ашуланып айқайлауы, актерлерге кейіпкер болмысын міндеттеуі, дайындық барысында реквизиттердің орнында болмай қалуы сияқты неше түрлі форс-мажорлық жағдайлар көрерменге ашық көрсетілді. Сонымен қатар жауапты сәтте кейбір әртістердің сахнадан табылмай қалуы, кейбірінің ішімдікке салынып жүруі, сахна артында күні-түнде созылған айқай-шу мен төбелеске ұласқан келіспеушіліктер шынайы суреттелді. Өнерпаздардың осындай кедергілерге қарамастан, кәсіби шеберлік танытып, нәтижесінде сахнаға жұп-жұмыр, өте мықты спектакльді алып шығуы көрерменді сүйсіндірді.

Қойылымның екінші бөлімінде сахна декорациясы тура 180 градусқа айналып, премьера өткеннен кейінгі гастрольдік сапарлардың біріндегі сахнаның артқы жағын ашып көрсетті. Мұнда актерлер арасындағы ішкі қызғаныш, актрисалардың өзара бақ таласы, режиссер мен оның ассистенті Поппи Нортон-Тейлор (Шапағат Ұзақбаева) арасындағы жасырын романтикалық қарым-қатынастар, сондай-ақ қойылым меңгерушісі Тим Олгудтың (Әли Бидахмет) әуре-сарсаңы комедиялық элементтермен шебер өрілді. Актерлер кулиса артында бір-бірімен ренжісіп, қырылып жатса да, сахнаға шыққан бойда ештеңе болмағандай арадағы тігісті білдіртпей, рөлдерін жоғары деңгейде ойнап шықты.

Спектакльдегі негізгі кейіпкерлерді танымал өнерпаздар шебер сомдады. Дотти Отли мен Миссис Клакетт бейнесін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Жакилина мен Альбина Валиева, Гарри Лежен мен Роджер Трамплмейн рөлін Нұржігіт Муслимов, Брук Эштон мен Вики бейнесін Джулия Нараханова алып шықты. Фредерик Феллоуз бен Филип Брент рөлдерін Серік Мақсотов, Бейбарыс Асқарбеков және Шыныбек Рахмашев кезекпен сомдаса, Белинда Блэр мен Флавия Брент бейнесін Мәдениет саласының үздігі Айжан Назарханқызы мен Айнұр Жұмабаева өрнектеді. Ал ішімдікке әуес Селздон Моубрей рөлін Мәдениет саласының үздігі Айбол Шәкіржанов пен Ақниет Жақсығали көрерменге ұсынды.

Қойылымның басты идеялық өзегі мен терең мәні — жеке өмірін шетке ысырып, айлап үй көрмей, тек халықтың көңілінен шығу үшін сахнада өнер көрсететін актерлердің жанкешті тағдырын көрсету болды. Мерейтойлық туынды сахнаның арғы жағындағы шынайы өмірді паш ете отырып, театр өнерінің беймәлім де күрделі қырларын көрермен қауымға терең ұқтырды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар