Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Өз көзіммен көріп шықтым»: Нұрлыбек Нәлібаев автожолдардың құрылысы туралы айтты

14:54, 04 қараша 2026

Қазақстанда екі өңірді байланыстыратын ауқымды «Арал – Каспий» автомагистралінің құрылысы белсенді фазаға өтті, деп хабарлайды Alash.kz.

Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев стратегиялық маңызы бар бұл жобаның қашан аяқталатынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл бағыт мемлекет тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа көлік артериясы болмақ. Осы орайда Нұрлыбек Нәлібаев атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы айтты:

«Арал – Каспий жобасымен қатар Сексеуіл – Ұлғайсын, Ұлғайсын – Ақтөбе және Сексеуіл – Қызылорда бағыттарындағы үш ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Тамыз айында Мемлекет басшысы бұл жобаларды бастауға рұқсат берді. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Екі апта бұрын Үкімет басшысының тапсырмасымен осы жобалардың барлығын өз көзіммен көріп шықтым. Қазір құрылыс алаңдарында қызу жұмыс жүріп жатыр. 500-ден астам техника мен мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылған», — деп атап өтті Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Үкімет өкілі бұған дейін салынған жолдардың көбі қайта жаңғыртудан өткенін, ал бұл жобаның ерекшелігі — айдаладағы құмның арасында орналасқан екі ірі өңірді тікелей жалғайтынында екенін баса айтты. Жаңа автомагистраль Арал ауданындағы Сексеуіл кентінен басталып, Бейнеуге дейін созылады. Бейнеуден ары қарай Ақтау қаласына дейінгі жол инфрақұрылымы бар екенін ескерсек, бұл бағыт жолаушылардың таңертең Аралдан шығып, кешке қарай Ақтауға аман-есен жетуіне толық мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Нұрлыбек Нәлібаев бұл инфрақұрылымдық бастаманың халықаралық маңызына да тоқталып өтті:

«Бұл жоба екі өңір үшін ғана емес, жалпы Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің бойындағы аумақтарды дамытуға септігін тигізеді», — деді ол өз сөзінде.

Ресми жоспар бойынша жобаларды аяқтау мерзімі 2026-2029 жылдар аралығына қарастырылған. Алайда қазіргі уақытта мердігер мекемелермен қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқандықтан, автомагистральды 2028 жылы мерзімінен бұрын ел игілігіне беріп, пайдалануға тапсыру көзделіп отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар