Ақтөбе қаласындағы Неке сарайы ғимаратында 26 жастағы әйел пышақ жарақатынан қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz Ұлысмедиа ақпaратына сүйеніп.
Оқиға бүгін түске дейін орын алған. Өңірлік Полиция департаментінің хабарлауынша, жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы қайғылы оқиғаның мән-жайына қатысты Ақтөбе облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев ресми мәлімдеме жасады:
«Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, құрықтады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайларын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен салдарын толық анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», — деп атап өтті Әсет Қалиев.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қылмыс санаулы минуттардың ішінде өрбіген. Маңайдағы адамдар ғимарат ішінен шыққан айқайды естіп, ішке ұмтылғанда, еденде қансырап жатқан әйелді көрген. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері оны аман алып қала алмады.
Қайғылы жағдайдың шығу себебіне келсек, куәгерлер марқұмның бұл мекемеге өзінің сүйіктісімен бірге келгенін жеткізді. Осы сәтте оның соңынан келген бұрынғы күйеуі арасында жанжал шыққан. Болжам бойынша, бұрынғы әйелінің өзге азаматпен көңіл қосқанына наразы болған ер адам ашуға бой алдырып, осы ауыр қылмысқа барған.
Ал Неке сарайының қызметкерлері орын алған қайғылы оқиғаға қатысты қандай да бір пікір білдіруден ресми түрде бас тартты.