Ақтөбедегі колледж жатақханасының төртінші қабатынан құлап, ауыр жарақат алған 16 жастағы студент Нұрбақыт Бақыт 42 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, ауруханада қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы бойынша қазіргі уақытта сот процесі жүріп жатыр. Тергеу деректеріне сәйкес, төртінші курс студенті Мәди Сүгербай түнде дүкенге барып келу үшін 16 жастағы жасөспірімді терезеден төмен түсуге көндірген. Төменге түспек болған студент бес бірдей төсек жапқышын біріктіріп байлап, әрекет жасау барысында құлап кеткен.
Сот отырысы барысында жатақханадағы әлімжеттік пен жоғары курс студенттерінің төменгі курс оқушыларына қысым көрсетіп, ұрып-соғу фактілері де ашық айтылды. Куәгерлердің берген мәліметіне қарағанда, студенттер бұған дейін қорқыныш салдарынан шағымдана алмаған. Сонымен қатар айыпталушы Мәди Сүгербайдың бұған дейін де студенттерді ұрғаны үшін жатақханадан шығарылғаны белгілі болды.
Қазіргі таңда сотталушы Мәди Сүгербайға қауіпті жағдайда қалдыру және абайсызда адам өліміне себеп болу баптары бойынша ресми айып тағылған, алайда ол өз кінәсін мойындаудан бас тартып отыр.
Өз кезегінде марқұмның анасы Құлайым Қолова ұлының өліміне тек айыпталушы емес, сонымен бірге оқу орнында балалардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген жатақхана мен колледж басшылығы да тікелей жауап беруі тиіс деп есептейді.