Қазақстанда 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызметтің 77 мың қызметкеріне, бейінді дәрігерлерге, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер мен патронаж мейіргерлеріне жаңа үстемеақы енгізіледі, деп хабарлайды Alash.kz.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл шешімнің емханалардағы кадр тұрақсыздығы мен жоғары жұмыс жүктемесін жою мақсатында қабылданып отырғанын айтып, былай деп ресми сөзін таратты:
«Үздіксіз еңбек өтілі үшін берілетін үстемеақыны арттыру жөнінде тапсырма берілді. Бұл арқылы біз бірден бірнеше мәселені шешеміз: кадр тапшылығын азайтып, медициналық көмектің сапасын қамтамасыз етеміз», — деді ведомство басшысы.
Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы жаңа төлемдердің ерекшеліктері мен еңбек өтіліне қатысты шарттарын толығымен түсіндіріп өтті:
«Бұған дейін бұл мамандарға мұндай қосымша төлем мүлде қарастырылмаған. Бейінді маманның үстемеақысы да оның еңбек өтілі мен жұмыс істейтін жеріне – қалада немесе ауылда болуына байланысты болады. Өйткені ауылдық жерлерде де белгілі бір үстемеақылар бар», — деп атап өтті министр.
Жаңа реформаға сәйкес, қосымша төлемдер тікелей үздіксіз еңбек өтіліне байланысты белгіленіп, лауазымдық жалақының 50 пайызына дейін жетеді. Нақтырақ айтсақ, 2 жылдан астам еңбек өтілі бар мамандарға — 20 пайыз, 3 жылдан астам өтілі барларға — 30 пайыз, ал 5 жылдан астам үздіксіз қызмет еткендерге 50 пайыз көлемінде үстемеақы қосылады.
Аталған өзгерістерден соң ауылдық жерде жұмыс істейтін еңбек өтілі жоғары жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы үстемеақымен бірге 760 мың теңгеге дейін, ал қалада 607 мың теңгеге дейін өседі. Сонымен бірге еңбек өтілі аз мамандардың да айлығы көтеріледі: ауылдағы жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 386 мыңнан 450 мың теңгеге, орта медицина қызметкерлерінікі 221 мыңнан 256 мың теңгеге дейін артады. Қалалық жерде еңбек өтілі аз дәрігерлер 307 мыңның орнына 358 мың теңге, ал орта медицина мамандары 173 мыңның орнына 202 мың теңге шамасында жалақы алатын болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде дәрігерлердің жалақысын өсіру мақсатында 33 миллиард теңге бөлінгені хабарланған болатын.