Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаралы хабар: Бар қазаққа белгілі ақын, журналист 60 жасында өмірден озды (ФОТО)

15:10, 04 қараша 2026

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Гүлзада Ниетқалиева 60 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.

Қайғылы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі ресми түрде растады.

Ғұмырын ағартушылық пен қаламгерлікке арнаған Гүлзада Ниетқалиева 1966 жылы 1 маусымда Атырау облысы Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында дүниеге келген. Гурьев педагогика институтының тарих факультетін бітіріп, кейін филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған. Еңбек жолын 1987–2000 жылдары туған жеріндегі аудандық мектептерде ұстаздық етуден бастады.

2000 жылдан бастап өңірлік медиа саласында өнімді еңбек етіп, Атырау облыстық телевизиясында және «Ақ Жайық» апталығында аға редактор, «Қайсар» құқық қорғау газетінде бас редактор, сондай-ақ «Атырау» қоғамдық-саяси басылымында мәдениет, білім, денсаулық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Тіпті 2003 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы қарсаңында «Махамбет-200» телехабарлар сериясын жүргізіп, «Қарой қасіреті» дастанын оқырманға ұсынды.

Қаламгер артында бай әдеби мұра қалдырды. Ол «Ақбота күнді аңсаумен», «Айдың сүттей сәулесі», «Қарлығашы Қиғаштың», «Ардақтым», «Жүректегі жанартау», «Хазар қасидалары», «Аллажар» жыр-жинақтарының авторы. Сонымен бірге ақын Есенғали Раушанов шығармашылығына арналған «Тұма жырдың тұнығы» және жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев туралы «Дара», «Жалғыз атты жолаушы» монографиялық еңбектерін жазды.

Оның «Жүректегі иман гүлі» атты Жаратқанға мінәжат дастаны 2017 жылы Ұлыбританияда жарық көрсе, әдебиеттегі елеулі еңбегі жоғары бағаланып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілген болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар