Танымал айтыскер ақын Мақсат Ақановтың Маңғыстау облысы, Шайыр елді мекенінде болған айтыстағы әрекеті ел ішінде талқыға түскен еді. Осы мәселеге қатысты Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Әкім Ақановтың талантын ерекше атап өтіп, тағы да мүмкіндік беру керек деп білетінін жеткізді.
Сөз жоқ. Біртуар талантты жігіт қой. Екінің бірі ақын бола алмайды. Оның үстіне суырып салма ақын. Мен нақтысын зерттеп көрген жоқпын. Бірақ, білемін. Естіп отырмын. Дөрекі сөйлеген, тіл тигізген деп жатыр. Бәрінің атынан жауап бере алмаймын. Сол сахнада Мақсат шығып, сынап, қалжыңға айналдырған болса, мен жеке өз басым кешірер едім. Себебі, қазақ аңшыдан қашып келе жатқан қоян шарбағына кіріп кетсе де, құдайы қонағыам деп қоянға тигізбейтін болған. Тіпті, жеке өз басыма ойнап болсын, шын болсын тіл тигізген болса, бір таланты үшін кешірер едім. Қазақта сөз бар ғой. "Елім дейтін бала керек болса, балам дейтін ел болып ал" дейді. Ағайынның пікіріне ештеңе айта алмаймын. Әркімнің өз ойы бар. Айтыс одағының өзіндік ережелі бар шығар. Дей тұрғанмен, шабамын деп тұрған тұлпарға мүмкіндік беру керек сияқты. Қамап қоймай. Себебі, олардың табиғаты сондай, олар шабуы керек. Айтысуы керек.
Еске салсақ, Шайыр ауылының 100 жылдығына арналған айтыста ақын Мақсат Ахановтың айтқан сөздері әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды. Белгілі ақын Нұргүл Хасанова әріптесінің бұл әрекетін «көргенсіздік» деп бағалап, сахна мәдениетінің тапталғанына наразылық білдірген еді.