Шайыр ауылының 100 жылдығына арналған айтыста ақын Мақсат Ахановтың айтқан сөздері әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды. Белгілі ақын Нұргүл Хасанова әріптесінің бұл әрекетін «көргенсіздік» деп бағалап, сахна мәдениетінің тапталғанына наразылық білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол өз парақшасында айтыс өнерінде сөз әдебі мен елге деген құрмет бірінші орында тұруы тиіс екенін қатаң ескертті.
«Мынау не масқара, не көргенсіздік!
«Күні кеше Шайыр ауылының 100 жылдығында болған жағдай» дейді. «Вацап» арқылы келіп жатыр.
«Аяғы лас төрді былғайды, аузы лас елді былғайды» деген, аузына келгенін көкіп отырған мынаны желкелеп сахнадан қуып шығатын бір намысты адам болмағаны ма сол жерде?! Жүз жерден «жұлдыз», мың жерден «дүлдүл» болса да! Мынау не басыну, не тайраңдау?!Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?! Айтысты ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы не қарап отыр?! Елді сыйламау, жерді қорлау, тұтас халықты адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау ғой бұл!», – деп жазды Нұргүл Хасанова. Желіде қызу талқыланған бұл мәселеге қатысты
Айтыс Одағының төрағасы Аманжол Әлтаев та пікір білдірді. Оның сөзінше, Шайыр ауылындағы айтыс Одақтың ресми жоспарына кірмеген, шараны жергілікті азаматтар мен жеке демеушілер ұйымдастырған. Десе де, орын алған жайтқа байланысты алдағы жарты жылда Мақсат Ахановты ресми айтыстарға қатыстырмау туралы шешім қабылданды.