Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Рөлде танымал кәсіпкерлердің ұлы отырған»: Ақтөбеде 18 жасар қыздың өліміне қатысты дерек шықты (ВИДЕО)

20:11, 01 шілде 2026

Ақтөбеде 18 жасар қыз қаза тапқан жол апатына қатысты тергеудің әділдігіне марқұмның жақындары күмән келтіруде, деп хабарлайды Alash.kz.

Ақтөбе - Хромтау тасжолында орын алған қайғылы жол-көлік оқиғасынан кейін көз жұмған 18 жастағы Айым Жеңісованың туыстары мен жақындары істің жан-жақты әрі объективті зерттелуіне күмән келтіріп, қоғамнан қолдау сұрап отыр.

Оқиға 27 маусым күні кешке болған. Көлікті Бекнұр Нұрланов басқарған, ал жолаушылар орындығында отырған Айым Жеңісова машина аударылған сәтте ауыр жарақат алып, кейіннен ауруханада қайтыс болды. Марқұмның танысы әлеуметтік желіде бұл іске қатысты өз қаупін білдірді.

«Біз әділ, ашық және объективті тергеуді талап етеміз. Бұл қайғылы жағдайдың ұмытылып кетуіне немесе тергеудің қоғам назарынсыз өтуіне жол бермейміз. Біз тергеу үшін қауіптенеміз, өйткені Нұрланов Бекнұр Нұрболұлының ата-анасы – медиа тұлғалар, қаламыздың белгілі кәсіпкерлері! Оның жауапкершіліктен сытылып кетуі мүмкін екеніне алаңдаймыз. Дәл солай болғандықтан, біз құқық қорғау органдарынан тергеудің толық ашықтығын және ашық сот процесін қамтамасыз етуді сұраймыз», – деп жазды бойжеткеннің жақыны.

Өз кезегінде күдіктінің адвокаты Нұрсұлу Дәулетаева бұл айыптаулармен үзілді-кесілді келіспейтінін жеткізді. Ол қорғауындағы азаматтың ата-анасының есімін бұл іске араластыру заңсыз екенін айтады.

«Айым жол-көлік оқиғасы болған жерде емес, медициналық мекемеде көз жұмды. Сонымен қатар, ешқандай негізсіз менің қорғауымыздың азаматтың ата-анасы айтылып, олардың тергеу барысына әсер етуі мүмкін деген болжамдар жасалуда. Бұл шындыққа жанаспайды және олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді», – деп мәлімдеді қорғаушы.

Қазіргі уақытта полиция департаменті аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғап, апаттың барлық мән-жайын тексеріп жатыр. Көлік тізгінінде болған Бекнұр Нұрланов қамауға алынды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар