Жақында ұсталған «Северный казахқа» ресейлік функционер Умар Кремлев қолдау білдіріп келгені «Русская община» скинхедтер ұйымының подкастында толық ашық айтылып отыр.
Осы атышулы подкастта «Русская община» ұйымының лидерлерінің бірі Роман 7.62 «әлеуметтік желіде «Северный казах» деген лақап атпен танылған блогер Аслан Төлегеновті өздерінің жиындарына шақырғандарын және Асланға Умар Назарұлы Кремлев емделуге деп мол ақша бергендігін» жасырмай айтады. Бұл сөздері сұхбаттың 20-шы минутында айтылған.
Биыл тамыз айында Умар Кремлевтің қолдауына ие болған Аслан Төлегеновке қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы — «ұлттық, әлеуметтік, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» бойынша іс қозғалды. Кейін бұл істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз өндірісіне алды. Демек, «северный казах» атымен танылған блогер тек ұлтаралық араздық емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікке қатысты ауыр баптар бойынша да күдікке ілініп отыр.
Умар Кремлевтің мұндай тұлғаларға қолдау көрсетуі қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Себебі Кремлев қазір Қазақстанда енгізіліп жатқан «Букмекерлердің бірыңғай есеп жүйесіне» (ББЕЖ) Ресейде жұмыс істейтін ЕЦУПИС платформасын орнатуға тырысуда. Ол «Фонбет», «Пари» және «Лига Ставок» сияқты Ресейдегі үш ірі букмекер компаниясының ортақ иесі саналады. Бұл компаниялар өз елінің нарығында жетекші орын алып отыр.
ББЕЖ ресми түрде техникалық жаңарту ретінде ұсынылғанымен, шын мәнінде ол финтех секторын толық бақылауға алуға мүмкіндік беретін жүйе болуы мүмкін. Барлық ақпарат, демек клиенттер, бәстер, транзакциялар мен қаржы ағындары бір платформада шоғырланбақ. Егер бұл жүйе сыртқы ықпалға ұшыраса, ресейлік операторлар отандық букмекерлерді төлем жүйелерінен ажыратып, өз компанияларына бағыттай алады.
Сонымен қатар, бұл қазақстандықтардың жеке деректеріне қол жеткізу қауіпін тудырады. Жылдық айналымы 0,6–1,4 трлн теңге болатын нарықты бақылау арқылы шетелдік тараптар елден ірі көлемде капитал шығара алады. Тиісті қорғаныс және тәуелсіз бақылау болмаған жағдайда мұндай жүйе деректердің таралуына, кибершабуылдарға және саяси қысым жасау тәуекеліне жол ашуы мүмкін.
Ең басты қауіп - жаңа заң күшіне енгеннен кейін ББЕЖ арқылы жиналған деректер шетелдік арнайы қызметтердің қолына түсу ықтималдығында. Бұл жағдайда кез келген мемлекеттік қызметкер немесе азамат бопсалауға ұшырауы мүмкін. Ал Умар Кремлевтің Аслан Төлегеновті ашық түрде қолдауы осы процестің артында белгілі мүдделердің бар екенін аңғартады.