Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сүйінші! Қазақстан - көшбасшы! Біздің құрама түркі елдері арасындағы кәсіби шеберлік чемпионатында топ жарды!

18:03, 10 қазан 2025 196

Ақтау қаласында өткен I Халықаралық “TurkicSkills-2025 кәсіби шеберлік чемпионаты” өз мәресіне жетті. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында үздік атанған Қазақстан құрамасы жарыстың басты жеңімпазы болып, түркі елдері арасындағы көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Еліміздің қоржынына 6 алтын, 2 күміс медаль және 1 “Үздік медальон” түсті. Бұл жетістік - Мемлекет басшысы жариялаған “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында жүзеге асып жатқан реформалардың нәтижелі екенінің айғағы.

4–9 қазан аралығында өткен чемпионатқа Түркия, Әзербайжан, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген 70-ке жуық жас маман мен колледж студенті қатысты. Олар инженерия, IT, өндіріс, робототехника және қызмет көрсету сынды 10 бағыт бойынша бақ сынады.

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов жарыстың жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде:

“TurkicSkills чемпионаты – түркітілдес мемлекеттердің техникалық және кәсіптік ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Бұл күндер достық пен өзара түсіністіктің жарқын үлгісіне айналды”, – деді.

Ал WorldSkills International кеңесінің мүшесі Рэй Инглиш Қазақстанның кәсіби шеберлік сайыстарын жоғары деңгейде өткізу қабілетін ерекше атап өтті.

“Чемпионаттың ауқымы мен ұйымдастырылу сапасы елдің халықаралық деңгейдегі әлеуетін көрсетеді. Қазақстан алдағы уақытта WorldSkills немесе WorldSkills Europe сияқты әлемдік жарыстарды қабылдай алады”, – деді ол.

Чемпионатты тамашалауға 5 мыңнан астам көрермен жиналды. Сонымен қатар, колледждер мен кәсіпорындар арасында 100-ге жуық ынтымақтастық меморандумы жасалып, кәсіби білім мен өндіріс байланысын нығайтудың нақты қадамы жасалды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар