Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қажылыққа арналған ақшаны құмар ойынға жұмсаған" - Қазақтың "Робин Гудының" елден жиған қаражатты қайда құртқаны белгілі болды

13:27, 10 қазан 2025 208

Алматыда “Қазақтың Робин Гуды” деген атпен танылып, қоғам алдында өз бейнесін қайырымды адам ретінде көрсетіп жүрген “Елге көмек” қорының басшысы Ілияс Сариевтің сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Тергеу материалдарына сүйенсек, Сариев қажылық пен умра сапарына барғысы келген азаматтардан ақша жинап, оларды қасиетті сапарға жіберуге уәде еткен. Алайда кейін бұл қаражаттың бір бөлігі құмар ойындарға жұмсалғаны белгілі болды.

Бүгінгі сот отырысында MM Travel туристік компаниясының басшысы Ақтоты Дүйсеева жауап беріп, оқиғаның бұған дейін жария етілмеген тұстарын ашып айтты.

Оның сөзінше, Ілияс Сариев бұған дейін қоғам алдында “менің MM Travel компаниясына қатысым жоқ, мен тек блогер ретінде жарнамалағанмын” деп келгенімен, бұл шындыққа мүлде жанаспайды.

MM Travel компаниясын біз 2023 жылы бірге құрдық. Барлық ұйымдастыру, қаржылық шешімдер екеуміздің арамызда қабылданды. Құжат жүзінде компания маған тіркелгенімен, барлық банк шоттары мен касса Сариевтің қолында болды. Ол компания қаржысын өзі басқарып отырды. Қажылыққа жиналған қаражатты кассадан ірі көлемде алып, орнына салмағаннан кейін мәселе туындады. Нәтижесінде 20 адам қажылыққа бара алмай қалды”, – деді Дүйсеева сотта.

Куәгердің айтуынша, Сариев қажылардың ақшасын алған соң “бір аптада қайтарамын” деп уәде берген, бірақ сөзінде тұрмаған. Кейін Дүйсеева оның телефон қосымшасынан банк шоттарынан букмекерлік платформаларға ақша тіккенін байқаған.

“Мен ол кезде шошып кеттім. Телефонын ашып қарасам, банк қосымшасында бірнеше букмекерге тіккен сомалар тұр. Ол кезде компания қаржы жағынан дағдарысқа ұшырап, қажылыққа бармақ болған адамдар наразылық білдіріп жатқан. Сонда да Ілияс маған “ешқайда барма, мен өзім шешемін” деп тыныштандырды”, – дейді Ақтоты Дүйсеева.

Оның айтуынша, Сариев 2015 жылдан бастап құмар ойынға әуес болған, алайда кейін бұл әдетінен арылдым деп сендірген.

Сондай-ақ, сотта белгілі болғандай, “Елге көмек” қорының атымен Сариев бұған дейін де елден жылу жинап, ауыр дертке шалдыққан немесе баспанасыз қалған адамдарға жәрдем беремін деп уәде берген. Бірақ кейін бейнежазбалар мен уәделер орындалмаған. Тергеу осы бағыттағы 6 адамның шағымын тіркеген.

Ал MM Travel ісі бойынша 20 адам зардап шеккен.

Ақтоты Дүйсеева өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушілерге келген шығынды жарты жыл ішінде толық өтейтінін айтты.

Қазіргі уақытта Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (“Алаяқтық”) бойынша айып тағылып отыр.

Тергеу деректерінде Сариевтің “Елге көмек” қоры арқылы үйі жоқ, аурудан ем іздеген адамдарға көмектесемін деген желеумен ақша жинап, кейін бұл уәдесін орындамағаны көрсетілген. Нәтижесінде көптеген азамат қаржысынан да, үмітінен де айырылған.

Сот процесі қоғам назарында өтіп жатыр. Көпшілік кезінде қайырымды, әділ, ел қамын ойлайтын азамат ретінде танылған Сариевтің бұл әрекетіне наразы.

Келесі сот отырысы 16 қазанға жоспарланған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар