Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы ауруханасында 6 жастағы Әли Жолшыбек көз жұмды. Жақындары баланың өліміне дәрігерлердің немқұрайлылығы себеп болды деп отыр. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы хабарлайды.
Бүлдіршіннің туыстарының айтуынша, Әли 29 қыркүйектен бастап ауырған. Учаскелік дәрігерге көрінуге барғанда, дәрігер ешқандай көмек көрсетпей, үйіне қайтарып жіберген. Баланың апасы дәрігерлерге тізерлеп, жалынып сұраған соң ғана 7 қазан күні ауруханаға жатқызған. Бірақ ауруханаға жатқызғанымен, ешқандай тексеру жүргізбеген, диагноз қоймаған. Ауырсыну басылмаған соң тек креон берген. 10 қазан күні бала сонда көз жұмған.
“Баламызды сот-медициналық экспертизаға алып кеткелі жатыр. Ешқандай дәрі бермеген. Бір апта бойы қиналған. Тек қана креон берген. Бәрін жасырып отыр. Диагнозды айтпайды, ауру тарихын бермейді. Дәрігерлерден ешкім жоқ”, – дейді әйел.
Ол денсаулық сақтау министрлігі мен Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.
Әлидің үлкен әпкесі анасы да осы ауруханада екі жыл бұрын жан тапсырғанын айтты.
Ал Т. Рысқұлов аудандық ауруханасы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Медициналық мекеменің хабарламасында былай делінген:
“Өт жолдарының ауруымен 7 қазаннан бері клиникалық хаттамаға сәйкес, тиісті зерттеулер жасалып, тағайындалған емді қабылдады. Баланың жағдайы орташа ауырлықта болған. 10 қазан күні сағат 06:55-те кенеттен қайтыс болды. Қазір баланың өлім себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер бөліміне хабарланған, сот-медициналық сараптама тағайындалған”.